
1 шілдеден бастап электрсамокаттарға жаңа талаптар енгізіледі
Ішкі істер министрлігі биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалануға қатысты қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жаңа талаптар күшіне енетінін хабарлайды.
Енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріледі. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда автоматты бейнебақылау камералары арқылы көлік құралын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру талабы енгізіледі.
Кикшеринг қызметін көрсететін компаниялар электрсамокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, пайдаланушының жолдың жүру бөлігінде қозғалу кезінде жүргізуші куәлігінің болуын тексеруге, жылдамдық пен қозғалыс бағытын бақылауға, белгіленген аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, бейберекет тұраққа қоюдың алдын алуға, электрсамокаттардың есебін жүргізуге, оларға тіркеу нөмірлерін орналастыруға және қажетті ақпаратты ішкі істер органдарына ұсынуға міндетті.
Егер пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, сервис жолдың жүру бөлігімен электрсамокаттың қозғалу мүмкіндігін автоматты түрде шектеуге тиіс.
Еске саламыз, электрсамокаттар велосипед жолақтарымен немесе велосипед жолағымен жүруі тиіс. Олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғала алады. Тротуарда жүрген кезде қозғалыс жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы қажет.
Жолдың жүру бөлігімен тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныс дулығасын киген азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі.
Электрсамокатпен жолаушыларды немесе жүкті тасымалдауға, рульді кемінде бір қолмен ұстамай басқаруға, жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түспей жолды кесіп өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз жолдың жүру бөлігімен қозғалуға тыйым салынады.
⚠️ Назар аударыңыздар! Биылғы жылдың 25 тамызынан бастап электрсамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.









