
ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланды.
1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылды.
Жаңа Ата Заңымыздың күшіне енуі – мемлекет дамуындағы тарихи кезең және Конституция үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, құқықтық айқындылықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын кеңейтуге негізделген жаңа конституциялық үлгіні бекітеді.
Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті. Бұлардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізіліп отыр.
Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейді.
Мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде дамыту конституциялық деңгейде алғаш рет айқындалды.
Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Конституция үстемдігін, оның ең жоғары заңды күшін және конституциялық құндылықтардың бірыңғай түсінілуін қамтамасыз ете отырып, конституциялық бақылауды жалғастыра береді.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасының барша азаматтарын жаңа Конституцияның күшіне енуімен және еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің басталуымен құттықтайды.
Жаңа Конституция мәтініне сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1159830?lang=kk









