«Заң және Тәртіп» подкасты: Алматыда азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

    ·
    «Заң және Тәртіп» подкасты: Алматыда азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

    Алматы қаласы Полиция департаменті мен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Заң және Тәртіп» жобасы аясында интернет-алаяқтық пен киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған кезекті тақырыптық подкаст жазылды.

    Бағдарлама Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әзірленіп, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ киберқылмыстардың алдын алуға бағытталды.

    Подкаст барысында қатысушылар интернет-алаяқтықтың өзекті схемаларын, жеке деректерді қорғау тәсілдерін, киберқылмыстардың профилактикасы шараларын, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын заңсыз мақсатта пайдалануға байланысты жаңа сын-қатерлерді талқылады.

    Әсіресе фишингтік шабуылдардың көбеюі, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық әрекеттер, онлайн-сатып алулар мен инвестициялық ұсыныстар арқылы жасалатын алдау тәсілдері жан-жақты сөз болды.

    Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаевтың айтуынша, киберқылмыстардың орын алуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – азаматтардың жеткілікті деңгейде хабардар болмауы және цифрлық ортадағы артық сенімшілдігі.

    «Интернет-алаяқтықтардың басым бөлігі әлеуметтік инженерия әдістеріне негізделген. Қаскөйлер жүйелерді емес, адамның өзін “бұзады”. Сондықтан ең тиімді қорғаныс – қырағылық, сыни ойлау қабілеті және цифрлық гигиена талаптарын сақтау», – деп атап өтті ол.

    Сарапшылар алаяқтық схемалардың жұмыс істеу тетіктерін, киберқылмыстар үшін көзделген құқықтық жауапкершілікті және жеке деректерді қорғаудың практикалық жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

    Алматы қаласының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, бөгде адамдарға банк карталарының деректерін, растау кодтарын және өзге де құпия ақпаратты бермеуге шақырады.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары