«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында ағартушы, педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Даланың дара ұстазы» атты оқырман конференциясы өткізілді.
Іс-шараға мектеп кітапханашылары, балабақша әдіскерлері, жас мамандар мен Ы.Алтынсарин атындағы №37 мектеп-гимназиясының белсенді оқушылары қатысты.
Шара барысында кітапхана меңгерушісі Ж.С.Абильмажинова - ұлы ұстаздың өмір жолымен, педагогикалық қызметімен және әдеби шығармаларымен кеңінен таныстыра отырып, Ыбырай Алтынсариннің бай мұрасын тереңірек тануға бағытталған конференцияның «Ұлы ұстаздың өнегелі өмірі», «Ұстаздың ұлағатты әңгімелері», «Кел, балалар, оқылық!», «Ойлы болсаң, озып көр!» атты бөлімдерін атап өтті.
Шара жалғасында сөз кезегін алған М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы А.Ж. Елшібаева Ы.Алтынсариннің ағартушылық жолы мен бай мұрасын кеңінен танып, оның ұлт тәрбиесіндегі маңызын зерделеу мақсатында «Ыбырай мұрасы - ұрпаққа аманат, ұлтқа өнеге» атты тақырыбында баяндама оқып, ұлы тұлғаның өнегелі өмірі бізді білімге ұмтылуға, еңбекті бағалауға және елге қызмет етуге үндейтінін жеткізді.
Ұлы ұстаздың әңгімелері – тек өз дәуірінің ғана емес, бүгінгі ұрпақтың да рухани тәрбиешісі. Осы тұрғыда кітапхана қызметкері А.Қ. Даниянова «Ұстаздың ұлағатты әңгімелері» атты ақпараттық шолу барысында жазушы шығармаларының өмірлік өнегесі мен тәрбиелік мәнін кеңінен таныстырды.
Іс-шараның «Кел, балалар, оқылық!» атты бөлімінде ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің есімін ұлықтап, оның өнегелі жолын жалғастырып келе жатқан білім ордасының тарихы «Ұстаз есімімен ұлықталған білім ордасы» атты тарихи-танымдық таныстырылым барысында Ы. Алтынсарин есімінің білім мекемесіне берілу тарихы, гимназияның тыныс-тіршілігі және ұлы ұстаз мұрасын дәріптеу бағытындағы жұмыстары туралы әңгімелеу үшін кітапхана меңгерушісі О.М.Рымбосиноваға сөз берілді. Сонымен қатар мектептің 5 «Г» сынып оқушылары Думан Алинур, Думанов Абылай, Ертаев Нұралы, Рахатұлы Әмірхан Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесі бойынша әдеби-сахналық қойылым қойып, 6 «Г», 6 «А» сынып оқушылары Әділ Сая, Серікқан Алинур, Бодауғазы Төре, Рамбаева Айару ұлы ағартушының білім мен ғылымға үндеген «Кел, балалар, оқылық!» атты өлеңін мәнерлеп оқып шықты.
Әрі қарай қатысушылардың ұлы ұстаздың өмір жолын, ағартушылық қызметі мен әдеби мұрасы туралы білімдерін шыңдап, таным көкжиегін кеңейту мақсатында «Ойлы болсаң, озып көр!» атты танымдық ойынды кітапхана қызметкері А.С.Сарықұл жүргізіп, ойын барысында қызықты сұрақтар мен танымдық тапсырмаларды орындап, өз білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды.
Конференция соңында қатысушыларға кітапхана қызметкерлерінің ізденісі мен шығармашылық еңбегінің нәтижесінде әзірленген қазақ балалар әдебиетінің асыл қазынасына арналған «Балалар әдебиетінің бағбандары» атты шағын кітапша тарту етіліп, кітапшадағы QR-код арқылы қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерімен, олардың өмірімен және шығармашылығымен, балаларға арналған құнды шығармалармен таныса алатындығы айтылды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар шарадан алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, осындай мазмұнды да тағылымды кездесулер жиі ұйымдастырылып, жалғасын таба берсін деген тілектерін жеткізді.
Қалалық орталық кітапхана
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









