Резидент емес жеке тұлғалардан қызметтерді сатып алу кезіндегі салық салу ерекшеліктері
Резидент емес жеке тұлғалардан консультациялық және инжинирингтік қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық компаниялар қосылған құн салығы (ҚҚС) және жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша салық салу ерекшеліктерін ескеруі қажет.
Егер сатып алынған қызметтерді өткізу орны Қазақстан Республикасы болып танылса, Салық кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ҚҚС төлеуші компанияда резидент еместен қызметтерді сатып алу бойынша салық салынатын айналым туындайды.
Бұл ретте компанияның резидент еместердің тұруына, тамақтануына, жол жүруіне және басқа да қызметтеріне жұмсаған, резидент емес жеке тұлғаларға осы шығыстарды өтемей, тікелей жеткізушілерге төлейтін шығындары резидент емес үшін ҚҚС салынатын айналымға енгізілмейді.
Сонымен қатар, резидент емес жеке тұлғаның осындай шығыстарын төлеу оның материалдық пайдасы және Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірісі ретінде танылуы мүмкін екенін ескеру қажет. Бұл кіріске төлем көзінен 20% мөлшерлеме бойынша ЖТС салынады.
Салық агенті кірісті төлеу кезінде салықты есептеуге және ұстап қалуға міндетті. Егер салық агенті ЖТС-ты резидент еместің кірісінен ұстамай, өз қаражаты есебінен төлесе, салықты ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндеттеме орындалған болып есептеледі.
Сондай-ақ резидент еместердің кірістеріне салық салу кезінде, оларды қолданудың белгіленген тәртібі сақталған жағдайда, қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттардың ережелерін ескеру қажет.
Осылайша, резидент емес жеке тұлғалармен шарт жасасу кезінде көрсетілген қызметтердің құны мен резидент еместің атынан төленетін қосымша шығыстарды дұрыс ажырату маңызды, өйткені олардың салықтық салдары әртүрлі болады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









