25 қараша күні Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Сапар барысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, сонымен қатар, халықты әлеуметтік қолдау мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне баса назар аударылды.
Жұмыс сапарының бағдарламасы №2 Оқушылар сарайынан басталды. Мұнда Алексей Цой балаларға қосымша білім беру жұмысымен танысты. 2023 жылы ашылған мекеме 500 орынға арналған. Қазіргі таңда мұнда 50 бағыт бойынша 4 700 бала білім алуда. Оқушыларға ғылыммен, бағдарламалаумен, роботтехникасымен, өнермен және спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Ал Ақжайық шағынауданында 200 орынға арналған қалалық №2 перинаталдық орталықтың құрылысы барысымен танысты. Құрылысы 2026 жылдың сәуір айында басталған нысан жобасының үштен біріне жуығы орындалған. Ғимараттың құрылысы 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Жаңа орталық Шымкент қаласы мен Түркістан облысының іргелес аудандарының тұрғындарына ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді.
Бозарық шағынауданында Президент кеңесшісі құрылысы мерзімінен бұрын аяқталған 150 орындық жаңа оңалту орталығының ғимаратын аралады. I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған мекемеде емдік-сауықтыру бассейні, спорт залы, физиотерапия және механотерапия кабинеттері, логопед пен психолог көмегіне арналған бөлмелер, сондай-ақ, еңбек және шығармашылық дағдыларын дамыту шеберханалары қарастырылған.
Айта кетейік, жұмыс сапары әлеуметтік сала мекемелерінің қызметімен, жаңа нысандардың құрылысымен және Шымкент қаласының медициналық әрі білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамыту барысымен танысуға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








