Зеренді ауылында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Бұл мереке – ауыл шаруашылығының дамуына негіз болып отырған, күнделікті еңбегімен, кәсіби шеберлігімен және өз ісіне деген адалдығымен үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету күні.
Салтанатты шара барысында Зеренді ауданының әкімі Әсет Асылбекұлы Құрманғожин салада үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлерге мемлекеттік наградалар, алғыс хаттар және ақшалай сертификаттар табыстады. Марапатталғандардың қатарында Күсеп ауылдық округінің өкілдері де бар.
«Дихан Плюс» ЖШС механизаторы КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісі Чернявский Виктор Григорьевич Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың арнайы медалімен және ақшалай сертификатпен марапатталды.
Виктор Григорьевич ауыл шаруашылығы саласында 35 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол өзінің жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленеді. 2026 жылғы егін жинау науқаны кезінде астықты уақытылы тасымалдауға және орақ науқанын ойдағыдай жүргізуге елеулі үлес қосты.
Зеренді ауданы әкімінің алғыс хатымен Күсеп ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Абдрахманова Алма Рашитовна марапатталды. Ол әкімі аппаратында 20 жылдан астам уақыт адал еңбек етіп келеді. Қызметтік міндеттеріне ауыл шаруашылығы санағын жүргізу, халықтың және шаруа қожалықтарының мал басын есепке алу, жеке қосалқы шаруашылықтар бойынша мәліметтерді өзектендіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша ақпаратты уақытылы жинақтап, ұсыну жұмыстары кіреді. Оның атқаратын жұмыстары әсіресе көктемгі егіс және егін жинау науқандары кезінде аса маңызды.
Алғыс хатпен «Дихан Плюс» ЖШС механизаторы Түребеков Бақытжан Дәулетбекұлы марапатталды. Еңбек жолын 1993 жылы бастаған ол 2011 жылдан бері «Дихан Плюс» ЖШС-де еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде өзін адал, жауапты әрі еңбекқор маман ретінде көрсетті. 2026 жылғы көктемгі егіс науқаны барысында 3 215 гектар жерге егін сеуіп, егін жинау кезінде 3 678 тонна астық бастырды.
Алғыс хатпен «Дихан Плюс» ЖШС механизаторы Қапаров Берікжан Құдайбергенұлы марапатталды. Ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар маман 2026 жылғы көктемгі егіс науқаны кезінде 2 792 гектар жерге егін сеуіп, егін жинау барысында 2 832 тонна астық бастырды. Оның еңбекқорлығы, кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі кәсіпорын жұмысының нәтижелі болуына елеулі үлес қосып келеді.
Алғыс хатпен «Азатский элеватор» ЖШС-нің аға зертханашысы Загребельная Алена Валентиновна марапатталды. Еңбек жолын 1990 жылы осы кәсіпорында сынама алушы (визировщик) болып бастаған, кейін лаборант-техник қызметін атқарып, қазіргі уақытта аға зертханашы болып еңбек етеді. 36 жылдық еңбек өтілі ішінде өзін жауапты, мұқият, адал әрі өз ісіне берілген маман ретінде танытып, әріптестерінің құрметіне ие болды.
Барлық марапат иелерін лайықты марапаттарымен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, еңбектеріңізге табыс және жаңа жетістіктер тілейміз!
Еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, ауыл шаруашылығы мен туған өлкенің дамуына қосқан үлестеріңіз арта берсін!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






