Баспасөз релизі

    Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясы «Алматы қаласының Спорт басқармасы» КММ-де ведомстволық бағынысты 16 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынды қарсы тексерумен жүргізілген дене шынықтыру және спорт саласындағы бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің тиімді пайдаланылуына мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды.

    Аудит барысында оң спорттық нәтижелер атап өтілді: қала спортшыларыXXжазғы Азия ойындарында ұлттық құраманың бестен бір бөлігін құрап, елдің медальдық нәтижесінің 23,8%-ын қамтамасыз етті, халықты дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысуға тарту 42,5%-ға дейін өсті.

    Сонымен қатар ведомстволық бағынысты кәсіпорындар мен қызмет берушілерді қаржыландыру көлемі жылдық қажеттілікті есептеусіз, негізінен жыл ішінде шарттарға түзетулер енгізу арқылы айқындалған. Бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштері Дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасының және қаланы дамыту жоспарының нысаналы индикаторларымен байланыстырылмаған. Ведомстволық бағынысты кәсіпорындарға қызметтің негізгі көрсеткіштері жеткізілмеген.

    Кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру қол жеткізілген спорттық нәтижелермен байланыстырылмай жүзеге асырылады. Техникалық ерекшеліктерде клуб бюджет қаражаты есебінен төлей алатын шығыстардың нақты тізбесі, бастапқы құжаттарды ұсыну және бюджет қаражатын бөлек есепке алу талаптары қамтылмаған. Соның салдарынан қаражаттың бір бөлігі шарттардың нысанасына қатысы жоқ мақсаттарға жұмсалған, ал бюджеттен өтелген шығыстар бойынша салықтық міндеттемелерді клубтар орындамаған.

    Ведомстволық бағынысты кәсіпорындарда жалақы есептеу, іссапар шығыстарын өтеу және бухгалтерлік есеп жүргізу кезінде бұзушылықтарға жол берілген.

    Аудиторлық іс-шара барысында бюджет кірісіне 43,1 млн теңгеден астам қаражат өтелді, қызмет берушілер тағы 56,2 млн теңгені өтеу бойынша жазбаша міндеттемелер қабылдады.

    Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау жөнінде тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.

    Мемлекеттік аудит материалдары іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға жіберілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясы" жаңалықтары