Төлеби ауданында қазақ халқының ұлттық киімдерін насихаттау, олардың тарихи-мәдени маңызын кеңінен таныту және ұлттық мұраны ұрпақ санасына сіңіру мақсатында аудан әжелерінің қатысуымен тағылымды семинар өтті.
Рухани-танымдық шараға облыстық Әжелер алқасының төрайымы Б. Байтенова, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, тіл маманы, ұлттық киімдерді зерттеуші этнограф Б. Байжұма қатысып, халқымыздың ұлттық киімдерінің шығу тарихы, өзіндік ерекшеліктері, түрлері мен тәрбиелік мәні жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Семинар барысында ұлттық киімнің халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрін, дүниетанымы мен рухани құндылықтарын айқындайтын баға жетпес мұра екені атап өтілді. Сондай-ақ ұлттық киім үлгілерін сақтау, күнделікті өмірде кеңінен насихаттау және оны келер ұрпаққа аманаттау мәселелері талқыланды.
Іс-шараға қатысқан Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Ахтаев ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған мұндай кездесулердің тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында аудан әжелері өзара пікір алмасып, ұлттық киімнің тарихы мен ерекшеліктеріне қатысты тың мағлұматтар алды. Сонымен қатар ұлттық мұраны дәріптеу, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті.
Ұлттық киім – ұлттың айнасы, тарихтың тағылымы, ата-бабадан жеткен асыл аманат. Осындай игілікті шаралар ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, салт-дәстүріміздің сабақтастығын сақтауға және рухани мұрамызды ұрпақ жадында жаңғыртуға қызмет етеді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.