ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 35 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА «АЙГӨЛЕК» АНСАМБЛІ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ⠀

    1 / 7

    Шымкент қаласында балалардың халықтық хореографиялық «Айгөлек» ансамблінің құрылғанына 80 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ұйымдастырылған мерекелік кешке ансамбльдің бірнеше буын түлектері, педагогтер мен құрметті қонақтар қатысты.

    Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, ансамбльдің ұлттық би өнерін дамытуға, өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін қалыптастыруға және қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға қосқан зор үлесін атап өтті.

    Ансамбльдің тарихы 1946 жылдан басталады. Осы уақыт аоалығында «Айгөлек» 200-ден астам дарынды баланы тәрбиелеп шығарды. Олардың көпшілігі өмірін өнер саласымен байланыстырған. Бүгінде ұжым құрамында бес пен он алты жас аралығындағы 200-ге жуық жас өнерпаз би өнерімен айналысады.

    Осы жылдар ішінде ансамбль халықаралық байқаулар мен фестивальдерде қазақ би өнерін бірнеше рет таныстырды. Өзбекстан, Ресей, Украина, Куба, Түркия, Болгария, Испания, Венгрия, Чехия, Франция, Италия, Дания, Ирландия, Ұлыбритания, Польша, Германия, Австрия, Финляндия, Беларусь, Черногория және Литва елдерінде ұжымның өнері көпшілік назарына ұсынылды. Ансамбльдің қалыптасуы мен дамуына Анна Львовна Цандекова айрықша үлес қосты.

    Мерейтойлық кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – ансамбль түлектерінің сахнаға қайта оралуы болды. «Айгөлек» ансамблінің көркемдік жетекшісі Райхан Қаланованың айтуынша, көрермендерге арнайы тосынсый дайындалған. Концерт соңында әр жылдары ансамбльде өнер көрсеткен түлектер бала кезінде үйренген билерінің бірін орындады.

    Көркемдік жетекші ұжымның көп жылдар бойы мемлекет тарапынан қолдау көріп келе жатқанын да атап өтті. Ансамбль мемлекеттік ұжым ретінде Шымкент қаласы әкімдігінің, білім басқармасының қолдауымен Оқушылар сарайы базасында жұмыс істеген.

    Райхан Қаланованың айтуынша, осындай қолдаудың арқасында ұжым дамуға, халықаралық іс-шараларға қатысуға және сахналық костюмдерін жаңартуға мүмкіндік алған. Атап айтқанда, 2026 жылы ансамбль Испанияда өнер көрсетіп, жаңа костюмдер сатып алуға қаржылай қолдау алған.

    Мерейтой аясында ансамбльдің дамуына елеулі үлес қосқан қазіргі көркемдік жетекшілер мен педагогтерге де алғыс айтылды. Салтанатты іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген кино және театр актрисасы, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов, «Дельфий ойындары» ұлттық комитетінің директоры Құралай Түспекова және мәдениет пен өнер саласының өзге де өкілдері болды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының әкімдігі" жаңалықтары