ОТЫРАРДА ВОЛЕЙБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

    1 / 3
    Отырар ауданында ұлағатты ұстаз, Батыр ана Күлсара Баянбайқызын еске алуға арналған 2010–2011 жылы туған жасөспірім қыздар арасында волейболдан облыстық турнир өтті.
    Шәуілдір ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттық-сауықтыру орталығында өткен жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, турнирге келген командаларға сәттілік тіледі.
    Салтанатты шарада Мамыт Дәуренбекұлының ұл-қыздары мен ұрпақтары сөз сөйлеп, турнирдің ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен аудан басшылығына, спорт саласының мамандарына және отырарлық жерлестеріне шынайы алғыстарын білдірді. Сонымен қатар жарысқа қатысушы командаларға спорттық киімдер табыс етті.
    Турнирдің негізгі мақсаты – ел игілігі жолында еселі еңбек еткен тұлғалардың өмір жолын дәріптеу, жас ұрпаққа олардың өнегесін насихаттау, сондай-ақ жас спортшыларды отансүйгіштікке, туған жерін құрметтеуге және елге адал қызмет етуге тәрбиелеу.
    Айта кетейік, облыстық додаға Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудан-қалаларынан іріктеліп келген 12 команда қатысты.
    Екі күнге созылған тартысты бәсекеде Сауран ауданының командасы үшінші орынды иеленді. Ал финалдық кездесуде Отырар ауданының командасын 2:0 есебімен жеңген Шымкент қаласының спортшылары турнир жеңімпазы атанды.
    Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және демеушілер тарапынан тағайындалған қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
    Осындай спорттық шаралар жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегелі жолын ұрпақ жадында жаңғыртуға зор ықпал етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Қоғам ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары