АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

    Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қаланың 2026 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сондай-ақ, Шымкент қаласының жаңа жылдық және қысқы мерекелерге дайындығы талқыланды.

    «СК-Фармация» ЖШС Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы Ұлжан Нұғманова 2026 жылдың 10 айындағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу жұмысының қорытындысы және алдағы жылы медициналық ұйымдарды тиісті препараттармен қамтамасыз ету жоспары туралы баяндады.

    Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» арқылы қаладағы 92 медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Дәрілік заттарды үздіксіз жеткізу мақсатында логистикалық хабтар мен қоймаларда екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптастырылған.

    Тұрғындарға қолайлы болуы үшін Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде «СК-Фармацияның» чат-боттары жұмыс істейді. Олардың көмегімен ЖСН немесе рецепт нөмірі арқылы тағайындалған дәрілік препараттардың бар-жоғын тексеруге болады. Іске қосылған сәттен бастап бұл сервистерді 4,5 мыңнан астам адам пайдаланған. Оның ішінде 300-ден астамы – Шымкент қаласының тұрғындары.

    2027 жылға арналған сатып алу науқаны аясында дәрілік препараттарға деген жалпы қажеттіліктің 84 пайызы сатып алынған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «СК-Фармация» ЖШС-нің Шымкент қаласында жеке логистикалық кешенін салу үшін жер учаскесі бөлінген.

    Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараевтың айтуынша, 2026 жылдың он айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 16,1 пайызды құраған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (5,2%) үш еседен астам жоғары. Экономикалық өсу қарқыны бойынша Шымкент өңірлер арасында екінші орынға тұрақтады.

    Экономиканың негізгі салаларында оң үрдіс байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 13,3 пайызға, құрылыс көлемі – 8,9 пайызға, сауда – 21,9 пайызға, көлік қызметтері – 17,5 пайызға, байланыс қызметтері – 10,3 пайызға, ауыл шаруашылығы 15 пайызға өскен. Пайдалануға берілген баспана көлемі 6,3 пайызға артты.

    Қала халқының саны 1 млн 320,7 мың адамға жетті. Жыл басынан бері 19 257 сәби дүниеге келіп, халық санының табиғи өсімі 26 693 адамды құраған. Шымкенттегі жылдық инфляция деңгейі 8,8 пайыз болып, республикалық көрсеткіштен (9,2%) төмен қалыптасты.

    Қаланың меншікті кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55,7 млрд теңгеге немесе 14 пайызға өсіп, 453 млрд теңгеге жетті. 2022-2026 жылдар аралығында қала бюджетінің дербестік деңгейі 46 пайыздан 70 пайызға дейін артқан.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" КММ" жаңалықтары