Түрксіб ауданында қалалық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында биыл аулалар мен қоғамдық аумақтарды көркейту, жүргіншілер жолдарын жаңарту және тұрғындардың демалысына арналған заманауи кеңістіктер құруды көздейтін 24 жоба мақұлданды.
Солардың бірі Шолохов көшесінен басталатын Сүйінбай даңғылының батыс жағындағы бұрын игерілмеген аумақты кешенді көркейту жобасы.
Жұмыс барысында аумақ қалалық ортаны көркейтудің заманауи талаптарына сай жаңартылды. Мұнда 1 380 шаршы метр жерге жүргіншілер жолына арналған тротуар тақтасы төселіп, автоматты суару жүйесі орнатылды. Сондай-ақ шамамен 7 200 шаршы метр аумақ көгалдандырылды. Кешкі уақытта тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін 73 сыртқы жарықтандыру бағаны қойылды. Бұдан бөлек, қоғамдық кеңістікке саябақ орындықтары мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Соның арқасында бұрын игерілмеген аумақтың келбеті өзгеріп, жасыл желегі жайқалған, жүргіншілерге ыңғайлы жолдары мен демалысқа қажетті инфрақұрылымы бар көркейтілген кеңістікке айналды.
Осындай бастамаларды жүзеге асыру ауданның келбетін жақсартуға, қала аумақтарын тиімді пайдалануға және тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасауға жол ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







