Астанада жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында "Пиротехника - 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара 10 қарашадан 2027 жылғы 3 қаңтарға дейін жалғасады.
Полиция қызметкерлері азаматтық пиротехникалық бұйымдардың айналымына қатысты заңнама талаптарының сақталуын бақылауға алды. Осы бағытта кәсіпкерлік нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтары, қоймалар және пиротехникалық өнімдер сатылуы мүмкін өзге де орындар тексерілуде.
Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы нәтижелері бойынша тиісті рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды сатудың екі дерегі анықталды. Құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Заңсыз айналымнан 57 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді.
Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда. Бүгінде елорданың 300-ге жуық білім беру ұйымында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары мен оларды заңсыз қолданғаны үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, дәрістер ұйымдастырылды.
Қоғамдық қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Мерекені қауіпсіз өткізу үшін заң талаптарын сақтап, өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірі және денсаулығына жауапкершілікпен қараңыз.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









