Торонто, 2026 жылғы 19-20 қараша– Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігі мен ҚР-дың Торонтодағы Консулдығы «Отандастар» қорымен және Торонто қазақстандықтарының қауымдастығымен бірлесіп, Республика күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу аясында мәдени іс-шаралар өткізді.
19 қарашада кеш этномәдени жәрмеңкемен ашылып, онда қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, қолөнерімен және төл мұрасымен танысты. Кейін қазақ диаспорасының, канадалық қоғамның, іскерлік және шығармашылық орта өкілдерінің басын қосқан концерт өтті. Құрметті қонақтар қатарында мультимәдениет істері жөніндегі бұрынғы министр, Онтарио провинциясы Заң шығарушы ассамблеясының бұрынғы депутаты Тони Рупрехт болды.
Көрермендер «Ұлытау» этно-рок тобының, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдинаның және белгілі продюсер әрі орындаушы Қыдырәлі Болмановтың өнерін жылы қабылдады. Канадалық аудиторияның ерекше қызығушылығын заманауи аранжировкадағы домбыра үні мен ежелгі шертпелі аспап – жетіген тудырды. Бағдарлама қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киім коллекцияларының көрсетілімімен жарқын аяқталды.
20 қарашада Қазақстан Республикасының Торонтодағы Консулдығында Канададағы, АҚШ-тағы және Корея Республикасындағы қазақ мәдени бірлестіктері басшылары мен белсенділерінің кездесуі өтті. Кездесуді ашқан қазақстандық дипломаттар ұлттық бірегейлікті сақтау және Қазақстанның шетелдегі оң имиджін ілгерілету ісінде диаспорамен өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті. Қатысушылар, соның ішінде онлайн форматта қосылғандар, отандастармен жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, жастарды қауымдастықтар өміріне тарту және ана тілін сақтау мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру жөнінде бірқатар бастама көтеріп, өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








