1 / 2
Созақ ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгін 17 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Салтанатты іс-шарға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен жаңа қоныс иелері қатысып, қуанышты сәттің куәсі болды.
Өңір басшысы Мұхит Сексенбайұлы жаңа баспаналы болған отбасыларды қоныс тойымен құттықтап, тұрғын үймен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде жаңа пәтер иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыстарын жеткізіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, ауданда тұрғын үй құрылысы мен баспанамен қамту жұмыстары соңғы жылдары қарқын алып келеді. Аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында 2025 жылдың басынан бері 118 пәтер пайдалануға берілген. Оның 102-сі жеке инвесторлар есебінен салынса, 16 пәтер «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС мен «Қазатомпром-Сауран» қолдауымен бой көтерген. Бүгінгі 17 пәтер де инвесторлардың қолдауымен салынған. Осылайша өткен жылдан бері өңірдегі баспаналы болған отбасылар саны 135-ке жетті.
Алдағы уақытта тағы 4 пәтер пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда оларды құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін баспаналар иелеріне табысталатын болады. Бұдан бөлек, 20 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын.Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалар алдағы уақытта да аудан тұрғындарын баспанамен қамтуға өз үлесін қоспақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








