Ақтауда республикалық қаламгерлер форумы өтті

    1 / 9

    Бүгін, 19 қарашада Ақтауда «Сөз өнері: Түгел Түркінің төрі - Маңғыстау» атты республикалық қаламгерлер форумы өтті. Маңғыстау өңірінде алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды рухани-мәдени іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан келген белгілі қаламгерлер мен жергілікті әдебиет өкілдері қатысты.

    Жиында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаламгерлер қауымының ұлт руханиятын өркендетудегі айрықша рөліне тоқталды.

    -Маңғыстау - қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, тарихы терең, руханияты бай өлке. Осындай ауқымды іс-шараны өңірімізде өткізіп жатқандарыңызға алғыс айтамыз. Руханияттың, қаламның айналасында сіздердей азаматтар тұрған кезде қазақтың өнері де, айтар сөзі де бар. Жаһандану заманында еліміздің ұлттық болмысы, ұлттық коды, руханияты, төл әдебиеті мен туған тілі бәрінен де биік тұруы керек, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

    Форум барысында қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні, даму перспективалары, ұлттық мұраның көркемдік және тарихи маңызы, сондай-ақ қазіргі әдеби үдерістегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Қаламгерлер өз ой-пікірлерін ортаға салып, әдебиеттің қоғамдағы орны мен сөз өнерінің жауапкершілігі жөнінде мазмұнды ой қозғады.

    Атап айтқанда, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов «Сөз өнері - ұлт руханиятының алтын діңгегі» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан Жазушылар одағының 2026 жылы атқарған жұмыстарына тоқталды.

    Жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш «Қырымның қырық батыры» топтамасының тарихи-көркемдік болмысын талдап, эпикалық мұраның әдебиет пен ұлттық танымдағы маңызына назар аударды.

    Ал жазушы, драматург, аудармашы Нұрлан Қами «Маңғыстау прозасы: өткені мен бүгіні» тақырыбында сөз сөйлеп, өңір әдебиетінің қалыптасу кезеңдері мен қазіргі даму үдерісіне шолу жасады.

    Сонымен қатар форумда жазушы, публицист Марат Мәжит, жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оңайгүл Тұржан және ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Анар Шамшадинова сөз алып, әдебиет пен руханиятқа қатысты ойларын ортаға салды.

    Форум аясында бірқатар жергілікті қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, әдебиет пен сөз өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін қаламгерлерге «Құрметті жазушы» төсбелгісі табысталды.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары