ШҚО-да қоғамдық орындарды ластаудың мыңнан астам дерегінің жолы кесілді.
Темекі тұқылын жерге тастау, пластик стаканды тротуарға тастай салу немесе тамақ қаптамасын қоқыс жәшігіне жеткізбей лақтырып кету — бір қарағанда ұсақ-түйек әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Алайда қоғамдық орындардың ластануына осындай немқұрайлы әрекеттер себеп болады. Шығыс Қазақстан облысында бейнебақылау камералары осындай құқық бұзушылықтарды тіркеп, тазалық талаптарын сақтамаған азаматтарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Жыл басынан бері өңірде абаттандыру қағидаларын бұзудың 8 426 дерегі тіркелді. Оның 7 104-і қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты болса, қалған 1 322-сі қоғамдық орындарды ластау деректері. Қоғамдық аумақтарды ластаудың барлық 1 322 дерегі бейнебақылау камералары арқылы анықталған.
Бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылықтың мән-жайын тіркеп, оған қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Жиналған материалдар заңда көзделген шараларды қабылдауға негіз болады.
Цифрлық бақылаумен қатар полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар өткізіп, қоғамдық орындарды тексереді. Құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тартады.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне де ерекше назар аударылады. Облыс аумағында барлығы 214 осындай орын анықталып, оның 196-сы жойылды.
Полиция темекі тұқылын қоқыс жәшігіне тастамай жерге лақтыру, көшеде қоқыс қалдыру немесе қоғамдық аумақты ластау — қоршаған ортаға деген құрметсіздік қана емес, заңда жауапкершілік көзделген құқық бұзушылық екендігін ескертеді.
Тазалық әр адамның жеке мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау — “Заң мен тәртіп” қағидатының күнделікті өмірдегі маңызды көріністерінің бірі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









