Қарағанды облысындағы колонияға студенттер мен кәсіпкерлер барды
Қарағанды облысында жоғары оқу орындарының студенттері, қоғам өкілдері мен кәсіпкерлер Долинка кентіндегі №31 түзету мекемесіне барды. Қонақтарға сотталғандардың ұсталуы жағдайлары мен өндірістік учаскелер көрсетілді.
Экскурсияны Қарағанды облысының прокуратурасы мен Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасы аясында ұйымдастырды.
Алдымен қатысушыларға қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі туралы ақпарат беріліп, департамент ғимараты мен жедел басқару жүзеге асырылатын ахуалдық орталық таныстырылды.
Одан кейін қонақтар №31 түзету мекемесіне барды. Олар тұрғын отрядтарды, асхананы, кітапхананы, клубты және медициналық бөлімді аралап, сотталғандарды ұстау жағдайларымен танысты.
Кәсіпкерлерге мекеменің өндірістік аймағы, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары мен шығарылатын өнімдер де көрсетілді. Бизнес өкілдері қылмыстық-атқару жүйесімен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Айдын Раев жобаның жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









