Кедендік бажсыз сауда рәсімінің артықшылары

    Бажсыз сауда дүкендерінің қызметі «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен (бұдан әрі – Кодекс) реттеледі.

    Кодекстің 522 және 523-баптарына сәйкес бажсыз сауда дүкендері иелерінің тізіліміне енгізілген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы бажсыз сауда дүкенінің иесі болып табылады.

    Бажсыз сауда дүкендері бажсыз сауданың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларды сақтауға және бөлшек саудада сатуға арналған арнайы белгіленген және жабдықталған үй-жайлар болып табылады.

    Тізілімге енгізу шарттары мен тәртібі Кодекстің 524 және 525-баптарында белгіленген. Аталған қызметті жүзеге асыру үшін заңды тұлға белгіленген талаптарға сай болуы және мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі арқылы өтініш беруі қажет.

    Өтінішті қарауды мемлекеттік кірістердің аумақтық органы ол тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

    Бажсыз сауда дүкендерінің иелерін тізілімнен тоқтата тұру, қызметін қайта бастау және алып тастау тәртібі Кодекстің 526 және 527-баптарында айқындалған.

    Тауарларды өткізу Кодекстің бажсыз сауданың кедендік рәсімін қолдану шарттарын, тауарларды өткізуге жол берілетін тұлғалар санатын, сондай-ақ көрсетілген кедендік рәсімді аяқтау тәртібін айқындайтын 324-328-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

    Бажсыз сауда дүкендерін орналастыруға, жайластыруға және жабдықтауға қойылатын талаптар, оларды құру және жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ тауарларды өткізу қағидалары «Уақытша кедендік бақылау аймақтары, уақытша сақтау орындары және бажсыз сауда дүкендерінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 280 бұйрығымен бекітілген.

    Бұл ретте Кодекстің 528-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес бажсыз сауда дүкендерінің иелері тауарлардың түсуі мен өткізілуін есепке алуды жүргізуге, олардың сақталуын қамтамасыз етуге, кедендік рәсімді қолдану шарттарын сақтауға және кеден органдарына тиісті есептілікті ұсынуға міндетті.

    Есепті жүргізу тәртібі, есептілікті ұсыну нысаны мен мерзімдері «Есеп жүргізудің және мемлекеттік кірістер органына есептілікті ұсынудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 10 сәуірдегі № 374 бұйрығымен айқындалған.

    Көрсетілген бұйрыққа сәйкес бажсыз сауда дүкендерінің иелері ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей аумақтық мемлекеттік кіріс органына келіп түскен тауарлар және оларды өткізу туралы есепті белгіленген нысан бойынша ұсынады(№374 бұйрыққа 4-қосымша).

    Есептілік тауарлар, олардың саны, кедендік декларациялау және қалдықтар туралы мәліметтерді көрсете отырып, келіп түскен және өткізілген тауарларды есепке алу журналдарының негізінде қалыптастырылады.

    Бұл ретте белгіленген талаптарды сақтау, есепке алудың дұрыстығы және есептілікті уақтылы ұсыну бажсыз сауда дүкендерінің қызметін жүзеге асырудың міндетті шарттары болып табылатынына назар аударамыз.

    Кеден заңнамасының талаптары сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шаралар қолданылады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті" жаңалықтары