Yessenov University студенттерді жеке қолдауға арналған цифрлық жүйені дамытып келеді

    Yessenov University-де білім алушылардың тұлғалық әлеуетін, психологиялық әл-ауқатын және әлеуметтік бейімделу деңгейін кешенді бағалауға бағытталған Student Profile 360° цифрлық платформасы енгізілді.

    Платформа студенттердің жеке даму бейінін қалыптастыруға, олардың күшті жақтары мен білім алу қажеттіліктерін анықтауға, сондай-ақ қосымша психологиялық қолдауға мұқтаждықты дер кезінде айқындауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта барлық курс студенттерін кезең-кезеңімен диагностикалау жұмыстары жүргізіледі.

    Цифрлық жүйе өзара байланысты екі модульден тұрады. Бірінші модуль – Student Development Profile (SDP) – 12 бағыт бойынша диагностика жүргізуді және студенттің әлеуметтік-тұлғалық бейінін қалыптастыруды көздейді. Ол білім алушылардың жеке ерекшеліктерін, тұлғалық ресурстарын, қарым-қатынас дағдыларын, білім алу және кәсіби қызығушылықтарын бағалауға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер негізінде олардың одан әрі дамуына арналған ұсынымдар әзірленеді.

    Екінші модуль – Student Psychological Well-being Assessment (SPWA) – психологиялық әл-ауқат деңгейін бағалауға, психологиялық тәуекел факторларын анықтауға және қосымша қолдау көрсету қажеттілігін айқындауға арналған.

    Диагностика нәтижелерін білікті мамандар талдап, оларды жеке консультациялар өткізу және профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру барысында пайдаланады. Алынған деректер студенттердің қосымша қолдауға қажеттілігін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте диагностикаға қатысудың еріктілігі, ақпараттың құпиялылығы және дербес деректерді қорғау туралы заңнама талаптарының сақталуы қамтамасыз етіледі.

    Диагностиканың жинақталған нәтижелері негізінде университет студенттер қауымдастығының әлеуметтік-психологиялық портретін де қалыптастырады. Бұл жалпы үрдістерді анықтауға, білім алушылардың әртүрлі санаттарының қажеттіліктерін ескеруге және оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

    Студенттерді кешенді қолдау жүйесі оқудың әртүрлі кезеңдеріне бағытталған арнайы бағдарламалармен толықтырылған. Атап айтқанда, «Менің университеттегі алғашқы жылым» бағдарламасы бірінші курс студенттерінің жаңа ортаға бейімделуіне, Level Up – дербестік пен тұлғалық әлеуетті дамытуға, PRO Level – қарым-қатынас және кәсіби дағдыларды жетілдіруге, ал Next Step – түлектерді кәсіби қызметке дайындауға бағытталған.

    Student Profile 360° платформасы Yessenov University-дің «Жалпы педагогика» кафедрасының оқытушылары мен магистранттары, психологиялық қолдау қызметінің мамандары және Ақпараттық технологиялар басқармасының бірлескен жұмысы нәтижесінде әзірленді.

    Student Profile 360° платформасын енгізу студенттермен жұмыста жүйелі әрі жеке қажеттіліктерге бағдарланған тәсілге көшуді көрсетеді. Yessenov University тәжірибесі Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарында осыған ұқсас цифрлық шешімдерді зерделеу және қолдану мүмкіндіктері тұрғысынан практикалық қызығушылық тудырады.

    Жобаның басты мақсаты – студенттердің әлеуетін ашуға, тұлғалық дамуына және кәсіби тұрғыдан табысты қалыптасуына ықпал ететін қауіпсіз әрі қолайлы университеттік ортаны қалыптастыру.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары