14–15 қараша күндері Алматы қаласында Шығыс Қазақстан облысы өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкеге қатысушылар қатарында Алтай ауданының алты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі бар. Олар оңтүстік астана тұрғындарына өздері өндірген табиғи әрі сапалы өнімдердің кең ассортиментін ұсынуда.
Жәрмеңке сөрелерінен күнбағыс майын, табиғи балды, шұжық және ысталған ет өнімдерін сатып алуға болады. Барлық өнімдер отандық өндірушілердің өз өндірісінен жеткізілген.
Алматы тұрғындары арасында әсіресе тау гүлдері мен алуан түрлі шөптердің шырынынан жиналған бал және күнбағыс майы дәстүрлі түрде жоғары сұранысқа ие. Сапасы мен табиғилығымен ерекшеленетін бұл өнімдер сатып алушылардың ерекше қызығушылығын тудыруда.
Жалпы, Алтай ауданынан жәрмеңкеге 10 тонна жоғары сапалы табиғи өнім жеткізілді. Бұл — жергілікті өндірушілер үшін өз өнімдерін кеңінен таныстырып қана қоймай, жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Мұндай жәрмеңкелер өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға және ірі қалалардың тұрғындарын сапалы өніммен тікелей өндірушілерден қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Алтай ауданының осындай іс-шараларға қатысуы — жергілікті ауыл шаруашылығының әлеуетін танытып, Алматы тұрғындарын өңіріміздің табиғи әрі сапалы өнімдерімен жақынырақ таныстырудың тағы бір мүмкіндігі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









