Өңір басшысы университеттің жаңа ректорын қабылдады

    Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жаңадан тағайындалған ректоры Гүлзат Көбеновамен кездесті.

    Кездесу барысында тараптар Мемлекет басшысының «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жоғары білім беру сапасын арттыру және ғылымды дамыту бөлігіндегі тапсырмаларын іске асыруды талқылады. Сондай-ақ университеттің ғылыми әлеуетін нығайту және өңірді білікті кадрлармен қамтамасыз ету туралы әңгіме болды.

    Аймақ басшысы жоғары оқу орнының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, университеттің алдында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, білім мен ғылымды өндіріспен интеграциялау, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша маңызды міндеттер тұр.

    Асхат Шахаров жаңа ректорға жауапты жұмысына табыс тілеп, университеттің білім беру және ғылыми әлеуетін одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

    📌 Айта кетейік, Гүлзат Көбенова 1978 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Еңбек жолын 1998 жылы оқытушылық жұмыстан бастады. 2002-2009 жылдары жоғары оқу орнында басшылық лауазымдарды атқарды. 2009-2010 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде, 2010-2018 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеді.

    Әр жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, сектор меңгерушісі және ҚР Президенті Кеңсесінің инспекторы қызметтерін атқарды, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы бақылау және сапаны қамтамасыз ету комитеттерін басқарды. 2022-2023 жылдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетін басқарды.

    Ректор болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметін атқарды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" жаңалықтары