Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жаңадан тағайындалған ректоры Гүлзат Көбенованы қабылдады.
Кездесу барысында тараптар Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның жаңа міндеттері» атты Қазақстан халықа Жолдауындағы жоғары білім беру сапасын арттыру және ғылымды дамыту бағытындағы тапсырмаларын жүзеге асыру, университеттің ғылыми әлеуетін нығайту және аймақтың кадрлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі жоғары оқу орнының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, университет алдында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында маңызды міндеттер тұр.
Асхат Шахаров жаңа қызметке тағайындалған ректорға жауапты жұмысына сәттілік тілеп, университеттің білім беру және ғылыми бағыттағы әлеуетін одан әрі арттыруға тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Гүлзат Көбенова 1978 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы оқытушылық қызметтен бастаған. 2002–2009 жылдары жоғары оқу орындарында басшылық қызметтер атқарған. 2009–2010 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде, 2010–2018 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеген.
Әр жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, ҚР Президенті Кеңсесінің сектор меңгерушісі және инспекторы, сондай-ақ Білім және ғылым саласындағы бақылау және сапаны қамтамасыз ету комитеттерінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2022–2023 жылдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетін басқарған.
Ректорлыққа дейін Ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметінде болды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








