«DIGITAL AQJAIYQ 2026» ӨҢІРЛІК ФОРУМЫ ӨТТІ

    1 / 5

    «Атамекен» өнер ордасында Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне арналған «DIGITAL AQJAIYQ 2026» өңірлік форумы өтті. Басқосуда жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық басқару, инновациялық жобаларды жүзеге асыру және IT саласының әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

    Форум аясында интерактивті аймақтар, цифрлық шешімдер көрмесі мен стартаптар аллеясы таныстырылып, секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Пленарлық сессияға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы Президент тапсырмасына сәйкес бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

    – Мемлекет басшысы айтқандай, басты міндетіміз – озық технологияларды барлық салаға енгізіп, оның нақты нәтижесін халық игілігіне бағыттау. Бұл ретте цифрлық инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға басымдық береміз, – деді Нариман Төреғалиев.

    Бүгінде облыстағы 405 ауылдың 373-інде интернет бар. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 220 ауылды жоғары жылдамдықты байланыспен қамтамасыз ету көзделген. Биылғы 9 айда 3,2 миллион мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 98 пайызы электрондық форматта ұсынылды. Жыл басынан бері Batys Hub алаңында 93 іс-шара өтіп, 1500-ден астам адам қамтылды.

    Форумда «IT саласындағы адами капиталды дамыту», «Шағын бизнестің цифрлық трансформациясы: жаһандық маркетплейстерге шығуға арналған қолжетімді құралдар», «Жасыл цифрландыру: парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және ресурстарды басқаруға арналған мониторинг жүйелері», «Қаржы саласындағы инновациялар: цифрлық теңгені енгізу мүмкіндіктері мен перспективалары» тақырыптарында баяндамалар оқылды.
    Жиын соңында Softlance құрылтайшысы Петр Лежниковке «Үздік цифрландырушы» төсбелгісі, TORUS.KZ басшысы Дәурен Габдуллаев пен университет ректоры Әліби Баяховқа министрліктің Құрмет грамотасы табысталды. Бір топ азамат ведомстволық марапаттар мен облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. AI West Battle, спорттық бағдарламалау, Cyber Sarai CUP байқауларының жеңімпаздары мен халықаралық дрон футболында топ жарған USHAIYQ командасы да құрметке бөленді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары