ОТЫРАРДА ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА – ТЕҢГЕ КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ
15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңге күніне орай Отырар ауданында қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараның басты мақсаты – ұлттық валютамыздың ел тәуелсіздігін нығайтудағы маңызын дәріптеу, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарының еңбегін бағалап, құрмет көрсету.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ұлттық валютамыздың қалыптасу тарихы мен еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтудағы айрықша рөліне тоқталды.
«Теңге – тәуелсіздігіміздің маңызды нышандарының бірі. Ұлттық валютамыздың айналымға енгізілуі еліміздің дербес қаржы-экономикалық жүйесін қалыптастыруға жол ашты. Бүгінде қаржы саласының мамандары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуіне және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді. Сіздердің жауапкершілігі жоғары еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз әрдайым құрметке лайық», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары сала мамандарына жауапты қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық, еңбектеріне жеміс тіледі.
Жиын барысында ауданның қаржы саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген бірқатар маманға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының атынан Алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Содан бері бұл күн еліміздің қаржы жүйесі мен ұлттық экономиканың қалыптасуындағы маңызды тарихи дата ретінде аталып өтіп келеді.
Мерекелік шара соңы әсем ән мен көтеріңкі көңіл күйге ұласқан концерттік бағдарламаға жалғасты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









