Қостанайда «Мемлекеттік тілге жеті қадам» облыстық қорытынды форумы өтті

    1 / 7

    13 қарашада Қостанай қаласында түрлі этнос өкілдерінің оқушыларын, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерін біріктірген «Мемлекеттік тілге жеті қадам» облыстық қорытынды форумы өтті. Іс-шара мемлекеттік тілді насихаттауға және жастардың медиасауаттылығын арттыруға бағытталған төрт жылдық жобаның қорытындысы болды.

    Форумның арнайы қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, жоба авторы Наталья Рамазанова, «Қоғамдық келісім» РММ сарапшысы Гүлнұр Ембердиева, сондай-ақ Қостанай тумасы, блогер әрі әнші, қазақ тілін шетелде насихаттағаны үшін «Шапағат» медалімен марапатталған Александр Фролов болды.

    Мемлекет басшысының сөздері форумның маңыздылығын айқындай түсті. 2026 жылғы 10 қарашада Астанада өткен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X Құрылтайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің қоғамдық келісімді нығайтудағы ерекше рөлін атап өтіп: «Қазақ тілі – ұлт бірлігінің мызғымас тірегі», – деді.

    Форум Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп ұйымдастырды. Жобаны жүзеге асыру барысында төрт жыл ішінде түрлі этнос өкілдерінен құралған 500-ге жуық оқушы қазақ тілін үйреніп, медиасауаттылық деңгейін арттыруға мүмкіндік алды.

    Форум аясында облыстың қалалары мен аудандарынан келген 10–18 жас аралығындағы оқушыларға арналған мәдени-танымдық және тәрбиелік бағдарлама ұйымдастырылды.

    Қатысушылар Қостанай ауданындағы экопаркке барып, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға қатысты. Сонымен қатар өңірдің тарихи және мәдени көрікті жерлерімен танысты.

    Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру мақсатында оқушыларға Полиция басқармасының Жедел басқару орталығы мен полиция музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды.

    Форумның ерекше сәттерінің бірі жобаның қатысушыларын марапаттау рәсімі болды. 17 оқушыға сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды. Олардың білім алуына және жетістіктеріне қолдау көрсеткен педагогтер де алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар үш қатысушыға 50 мың, 100 мың және 150 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды.

    «Мемлекеттік тілге жеті қадам» форумы тәжірибе алмасу, этносаралық өзара іс-қимылды нығайту және жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау алаңына айналды.

    Жоба қазақ тілін үйрену түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты нығайтуға, азаматтық бірегейлік пен қоғам бірлігін қалыптастыруға ықпал ететінін көрсетті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы" жаңалықтары