Семейде «Арманым, Әселім!» спектаклінің премьерасы өтті

    1 / 12

    Бүгін Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде сахналанған «Арманым, Әселім!» спектаклінің премьерасы болды.

    Жаңа қойылым махаббат пен адам тағдыры, сенім мен жауапкершілік, өмірлік таңдау мен кеш келген өкініш тақырыптарын арқау етеді. Спектакльде адам баласының қолындағы бақтың қадірін дер кезінде түсіне алмауы, бір сәттік шешімнің тұтас тағдырға әсері және жоғалтқан бақытты қайта табудың қиындығы сахналық оқиғалар арқылы көрініс табады.

    Шығарманың сахналық нұсқасын жасап, режиссерлік еткен – Ерлан Кәрібаев. Қойылымның суретшісі – Жанна Жүнісова, композиторы – Шовкат Курбанов, жарық суретшісі –Еламан Ахметов, хормейстері – Данияр Сеилхадиров.

    Премьераны жұртшылықпен бірге облыс әкімі Берік Уәли тамашалады. Аймақ басшысы театр ұжымын жаңа қойылыммен құттықтады.

    «Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім!» спектаклінің премьерасы бірнеше күн қатарынан жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қойылым көрерменнің зор ықыласына бөленіп, театр залы лық толды. Мұны шығармашылық ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Бүгінде Семейдегі театр өнерін жаңа деңгейге көтеру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде он бірдей жас түлек, жас актерлер театрға жұмысқа қабылданды.Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір бір театр ғимаратында үш бірдей шығармашылық ұжым жұмыс істеп жатыр. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Семейде жаңа театр салу туралы шешім қабылдады. Қазір осы бағытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баршаңызды бүгінгі тамаша қойылыммен құттықтаймын! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен шығармашылық жетістіктеріңіз әрдайым жоғары құрметке лайық. Сахналарыңыздан тағылымды қойылымдар, көрермендеріңіздің ыстық ықыласы үзілмесін. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетуді жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

    Шара барысында облыс әкімі республикалық театр фестивальдерінде жетістікке жеткен өңірдің үш шығармашылық ұжымына алғыс хат табыстады.

    Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалінде «Қарағай» спектаклімен өнер көрсетіп, жүлделі болды. Аталған қойылымдағы рөлі үшін актер Мәулен Сүлеймен «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды.

    Федор Достоевский атындағы орыс драма театры осы фестивальде «Қылмыс пен жаза» спектаклімен «Үздік спектакль» номинациясы бойынша Гран-при иеленді. Театр ұжымы халықаралық театр фестиваліне де қатысты. Ал «Дариға-ай» жастар театры Әшірбек Сығай атындағы ІІІ республикалық «Сын – шын болсын» театр фестивалінде «Соқырлар» спектаклімен арнайы жүлдеге ие болды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары