Пробация талаптарын бірнеше рет бұзу бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соқты

    Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінің инспекторлары пробациялық есепте тұрған адамдардың мінез-құлқын және сот үкімімен жүктелген міндеттерді орындауын тұрақты бақылауда ұстайды.

    Қала мен аудандарда пробация инспекторлары есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жүргізіп, сот белгілеген талаптардың сақталуын бақылайды. Сонымен қатар құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

    Жазаны өтеу тәртібі мен шарттары бұзылған жағдайда есепте тұрған адамдарға заңнамада көзделген шаралар қолданылады. Атап айтқанда, оларға ескерту беріледі және белгіленген талаптарды қатаң сақтау қажеттігі түсіндіріледі. Алайда профилактикалық әңгімелер мен ескертулер нәтиже бермей, заңбұзушылықтар жалғаса берсе, пробация қызметі жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым қатаң жаза түріне ауыстыру туралы сотқа ұсыныс енгізеді.

    Осындай жағдай Бейнеу ауданында орын алған. Пробация қызметінің есебінде тұрған ауданның 36 жастағы тұрғыны бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеу кезінде сот жүктеген міндеттерді тиісінше орындамаған. Атап айтқанда, сотталған азамат белгіленген уақытта бірнеше рет тұрғылықты мекенжайында болмаған. Сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді тұтынғаны үшін бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    Жүргізілген профилактикалық жұмыстар мен бұрын берілген ескертулерге қарамастан, құқықбұзушылықтар жалғасын тапқан. Осыған байланысты пробация қызметі сотқа жазаның өтелмеген бас бостандығын шектеу бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс енгізген.

    Ұсынысты қараған сот оны қанағаттандырды. Нәтижесінде бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Сотталған азамат жазасының қалған мерзімін өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді.

    Пробация қызметінің негізгі міндеті – қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу, сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу және олардың заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету. Сонымен қатар жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын жүйелі түрде бұзатын адамдарға заңда көзделген шаралар қолданылады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары