Германияның Саарланд федералдық жерінде Қазақстан Президентінің Жолдауы мен екіжақты экономикалық ынтымақтастық перспективалары талқыланды

    1 / 4

    Саарбрюккен, 2026 жылғы 12 қараша - Германияның Саарланд федералдық жерінің әкімшілік орталығы Саарбрюккен қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық перспективаларына арналған бірқатар іс-шара өтті.

    Іс-шаралар аясында сарапшылардың, ғылыми және академиялық орта өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне қызығушылық танытқан азаматтардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оның барысында Қазақстандағы 2026 жылғы негізгі саяси оқиғалар мен реформалар, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, экономиканы жаңғырту және тұрақты даму басымдықтары талқыланды. Қатысушылар Жолдауда айқындалған стратегиялық бағыттар мен міндеттерді, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру, елдің ұзақ мерзімді даму перспективаларын жан-жақты талқылады.

    Саарланд федералдық жері Әкімшілік кеңсесінің өкілі Леа Венгезер Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға беріп, Қазақстан мен Саарланд арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін елеулі мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

    Сонымен қатар Саарланд федералдық жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасы (IHK Saarland) мен Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы іскерлік мүмкіндіктер» (Geschäftschancen in Kasachstan) атты бизнес-кездесу өтті.

    Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Т. Умбетбаев өз сөзінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен экономиканың басым секторларына тоқталды.

    Өз кезегінде Германия экономикасының Орталық Азиядағы делегаты Эдуард Кинсбруннер Қазақстанның экономикалық жағдайы, нарық ерекшеліктері және неміс компаниялары үшін ынтымақтастық перспективалары туралы баяндама жасады.

    Кездесу барысында тау-кен өнеркәсібі, маңызды шикізат ресурстары, энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ инфрақұрылым салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.

    Өткізілген іс-шаралар Қазақстанның даму басымдықтарын Германияның сарапшылық, қоғамдық және іскерлік орталарында кеңінен таныстыруға, Қазақстан мен Саарланд арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайтуға және екі елдің іскерлік топтары арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік берді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы" жаңалықтары