Астанада бір үйдің балалары 2 мың кітап оқып, үйлерінде жеке кітапхана ашқан

    Астанада №76 мектеп-лицейінің оқушылары, бір үйдің балалары Милана мен Богдан Хегайлар кітап оқуды өмір салтына айналдырған. Әпкелі-інілі жеткіншектер осы уақытқа дейін 2 мыңға жуық кітап оқып, үйінде жеке кітапхана қорын қалыптастырған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Милана мен Богдан қазақ тілінде білім алып жүр. Қазір екеуі де №76 мектеп-лицейінің 8 «А» сыныбында оқиды. Қазақ тілін жетік меңгерген олар оқу үлгерімімен де ерекшеленіп, үздік оқушылар қатарынан көрініп жүр.

    Ағайынды балалардың кітапқа деген қызығушылығы олардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, тіл байлығын арттыруға да ықпал еткен. Олар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын сүйіп оқиды. Қазақ классиктерінің туындылары арқылы ұлттық әдебиетпен, тарихпен және мәдениетпен жақынырақ танысып келеді.

    Сонымен қатар шытырман оқиғалы шығармаларға да ерекше қызығушылық танытады.
    Кітап оқуды жай ғана ермек емес, жаңа білім мен танымға бастайтын маңызды құрал деп санайтын Милана мен Богдан бос уақытын пайдалы өткізуге тырысады. Оқыған әрбір кітабы олардың ой-өрісін кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізіп келеді.

    Бүгінде олардың үйіндегі жеке кітапхана – ізденіс пен білімге деген құштарлықтың айқын көрінісі. Ал екі мың кітапты бағындырған оқушылардың бұл жетістігі қатарластарына үлгі болары сөзсіз.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары