Бразилияның Сан-Паулу қаласында бочча спортынан São Paulo 2026 World Boccia Cup әлем кубогы өтті. Жарыста Қазақстан құрамасы командалық сайыста күміс медаль иеленді. Ұлттық құрама сапында елордалық параспортшы Итиана Шыңғысханова өнер көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Халықаралық турнирге әлемнің 26 елінен 90-ға жуық спортшы қатысты. Қазақстандық параспортшылар жоғары деңгейін көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Хорватияны 9:4, Аргентинаны 6:2 есебімен жеңіп, Бразилиямен 8:8 есебімен тең түсті.
Жартылай финалда отандастарымыз Испания құрамасын 7:5 есебімен ұтып, финалға жолдама алды.
Шешуші кездесуде Қазақстан құрамасы Бразилия спортшыларына 2:9 есебімен есе жіберіп, әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, бұған дейін елордалық параспортшы Итиана Шыңғысханова осы әлем кубогында жекелей сайыста да күміс медаль жеңіп алған болатын.
Осылайша, Астана өкілі Итиана Шыңғысханова бочча спортынан әлем кубогын жекелей және командалық сайыста екі күміс медальмен аяқтады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









