Жүктілік кезінде әйел адам өз денсаулығына ерекше назар аударуы керек. Ағзадағы кейбір өзгерістер күрделі асқынулардың белгісі болуы мүмкін. Дәрігерге қаралуды кейінге қалдыруға болмайтын бес қауіпті симптом туралы Алматы қаласы №11 қалалық емханасының акушер-гинекологы Айнұр Сағидуллаева айтып берді.
Бірінші қауіпті белгі – қатты бас ауруы, көз алдында шыбын-шіркейдің көрінуі немесе көру қабілетінің бұлыңғырлануы. Мұндай белгілер қан қысымының жоғарылауымен байланысты жүктіліктің ауыр асқынуы – преэклампсияны көрсетуі мүмкін.
Екінші белгі – жыныс жолдарынан қан кету. Қан мөлшері аз болғанның өзінде шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Үшінші белгі – іштің төменгі бөлігіндегі қатты немесе ұзаққа созылатын ауырсыну. Бұл жүктіліктің асқынуын, түсік тастау немесе мерзімінен бұрын босану қаупін білдіруі мүмкін. Сондықтан міндетті түрде дәрігердің тексеруі қажет.
Төртінші белгі – бет пен қолдың кенеттен ісінуі. Әсіресе бұл бас ауруымен немесе қан қысымының жоғарылауымен қатар байқалса, ерекше назар аудару керек.
Бесінші маңызды белгі – ұрықтың қозғалысындағы өзгерістер. Егер нәресте әдеттегіден сирек қимылдай бастаса немесе болашақ ана оның үйреншікті қозғалыстарын сезбей қалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Келесі күнге дейін күтудің қажеті жоқ, – деп атап өтті гинеколог.
Маман жүкті әйелдерге акушер-гинекологтың қабылдауына тұрақты түрде баруды, жоспарлы тексерулерден уақытылы өтуді және алаңдатарлық белгілерді елеусіз қалдырмауды ескертеді.
Осындай белгілер байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініп, учаскелік акушер-гинекологқа немесе акушерге хабарлау қажет. Жағдай ауыр болған кезде 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақырған жөн.
Өзіңізді және сәбиіңізді күтіңіз! Дәрігерге уақытылы қаралу ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








