Ақтөбе көшелерінің атаулары 2GIS пен Яндекс карталарында біріздендіріледі

    1 / 3

    Ақтөбеде 1 081 көшенің атауы цифрлық карталарда тексеріліп, сәйкессіздіктер түзетіледі. Бұл жұмыс электрондық карталардағы мекенжайларды мемлекеттік тілдегі көше көрсеткіштерімен сәйкестендіру және атаулардың дұрыс жазылуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды.

    Осы мәселеге байланысты Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алтынай Юнисова 2GIS және Яндекс карталарының өкілдерімен кездесті. Тараптар қала көшелерінің атауларын цифрлық платформаларда біріздендіру, қате жазылған атауларды түзету және тарихи тұлғалардың есімдерін толық көрсету мәселелерін талқылады.

    Кездесу барысында екі картографиялық сервистің деректеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері таныстырылды. Зерделеу барысында бірқатар оң өзгерістермен қатар, мемлекеттік тілдегі атаулардың жазылуына, олардың толық көрсетілуіне және ресми көше аншлагтарымен сәйкестігіне қатысты кемшіліктер анықталған.

    Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 1 081 көше бар. Алдағы уақытта осы көшелердің атауларын цифрлық карталардағы ресми нұсқалармен сәйкестендіру жұмыстары жалғасады.

    Негізгі міндет – Ақтөбе көшелерінің атаулары қағаз жүзінде ғана емес, тұрғындар күнделікті пайдаланатын цифрлық карталарда да мемлекеттік тіл нормаларына сай дұрыс көрсетілуін қамтамасыз ету. Бұл тұрғындар мен қала қонақтарына қажетті мекенжайларды оңай табуға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары