МАҚТААРАЛДА «ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ФОРУМ ӨТТІ

    1 / 9
    «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Мақтаарал аграрлық колледжінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Есірткісіз болашақ» атты форум ұйымдастырылды.
    Іс-шараның басты мақсаты – білім алушыларға есірткінің адам денсаулығына, өміріне және қоғамға тигізетін зардаптарын түсіндіру, зиянды әдеттердің алдын алу, жастарды саналы таңдау жасауға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақыру.
    Форумға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, аудан прокуратурасының прокуроры Дархан Жарас, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ердаулет Амантаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділхан Тұрсынханов, Түркістан облыстық Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теологы Мақсат Салиходжаев, Атакент ауруханасының нарколог дәрігері Аязбек Егембердиев, Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұркен Ошантаев және №59 жалпы білім беретін мекемесінің тарих пәні мұғалімі Ерболат Қаныбек қатысты.
    Жиынның ашылуында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов сөз сөйлеп, жас ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды өмірлік мақсаттарына нық қадам басып, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
    Колледж директоры Батыр Сейдахметов те ізгі тілегін білдіріп, білімді, дені сау әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
    Форум барысында сала мамандары өз бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, білім алушылармен пікір алмасты. Атап айтқанда, прокуратура өкілі есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар үшін заңда көзделген жауапкершілік туралы түсіндірсе, полиция бөлімінің бастығы есірткі қылмыстарының алдын алу және жастардың құқықтық жауапкершілігі жөнінде ақпарат берді.
    Теолог маман рухани құндылықтардың, адамгершілік ұстанымдардың және саналы таңдаудың маңызына тоқталды. Ал нарколог дәрігер есірткінің адам ағзасына тигізетін кері әсері, тәуелділіктің зардаптары мен оның алдын алу жолдары туралы түсінік берді. Жиында жастар тәрбиесі, тарихи тағылым және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де кеңінен қозғалды.
    Іс-шараның тәрбиелік мазмұнын арттыру мақсатында Мақтаарал аграрлық колледжінің ұйымдастыруымен «Бос орындық» атты қойылым және Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған «Әке қателігі» атты сахналық көрініс ұсынылды. Көрермендерге есірткіге тәуелділіктің жеке адам мен оның отбасына тигізетін ауыр зардаптары сахналық қойылымдар арқылы әсерлі жеткізілді. Сонымен қатар, білім алушылар «Нашақорлық – ғасыр індеті» тақырыбында өлең жолдарын оқып, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеді. Форумның маңызды сәттерінің бірі – жастардың салауатты өмір салтын ұстануға, есірткі мен өзге де зиянды әдеттерден бас тартуға бағытталған ортақ анты болды.
    «Болашағым – өз қолымда» атты әдеби үндеуде білім алушылар өз өміріне жауапкершілікпен қарау, күмәнді ұсыныстарға батыл түрде «жоқ» деп айту, қиын жағдайда мамандардан көмек сұрау және жарқын болашаққа саналы қадам жасау жөніндегі ойларын ортаға салды. Форум оқытушылар мен білім алушылардың бірлескен хор орындауымен жалғасты.
    Жастардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау тек мамандардың ғана емес, отбасының, білім беру ұйымдарының және тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар форумға қатысқан қонақтарға, мамандарға, өнерпаздарға, ұстаздар мен білім алушыларға алғыс білдірді.
    Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Мақтаарал ауданында өткізілген 10 күндік профилактикалық іс-шаралар толық аяқталды. Онкүндік шеңберінде мектептер, колледждер мен ЖОО-ларда нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған құқықтық дәрістер, интерактивті сабақтар, психологиялық тренингтер, спорттық жарыстар, сондай-ақ ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, еріктілер мен жауапты органдардың қатысуымен есірткі жарнамалары мен граффитилерді анықтау және жою бойынша «Есірткі жарнамасына жол жоқ!» акциясы өткізіліп, күнделікті анонимді сауалнамалар мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауқымды акция «Есірткісіз болашақ!» қорытынды форумымен түйінделіп, белсенді қатысушылар марапатталды және жастардың есірткіге қарсы арнайы үндеуі қабылданды.

    (с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Мақтаарал ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары