Қоса атқаратын жұмыс: бірнеше ұйымда ресми түрде жұмыс істеуге бола ма?

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті қоса атқаратын жұмыс тәртібін, сондай-ақ еңбек заңнамасының негізгі талаптарын түсіндіреді.

    Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы азаматтарға бір мезгілде бірнеше ұйымда ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте еңбек қатынастарын ресімдеуге, жұмыс уақытының ұзақтығына және еңбек жағдайларына қатысты белгіленген талаптарды сақтау қажет.

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 1-бабы 1-тармағының 56) тармақшасына сәйкес, қоса атқаратын жұмыс – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты талаптарымен басқа тұрақты ақы төленетін жұмысты орындауы.

    Осылайша, жұмыскер өзінің негізгі жұмыс берушісінде де, басқа ұйымдарда да қосымша еңбек қызметін жүзеге асыруға құқылы.

    Қоса атқаратын жұмыс қалай ресімделеді?

    Қоса атқаратын жұмысты жүзеге асыру үшін жеке еңбек шартын жасасу қажет. Онда еңбек жағдайлары, жұмыс уақытының режимі, еңбекақы мөлшері және басқа да міндетті талаптар көрсетіледі.

    Кодекстің 32-бабының 4-тармағына сәйкес, басқа жұмыс берушіге қоса атқаратын жұмысқа орналасу кезінде жұмыскер негізгі жұмыс орны бойынша жұмыстың сипаты мен еңбек жағдайлары туралы анықтаманы ұсынады. Анықтамада жұмыс орны, лауазымы және еңбек жағдайлары көрсетіледі.

    Бұл ретте заңнамада азаматтың қоса атқаратын жұмыс бойынша еңбек ете алатын ұйымдарының санына шектеу белгіленбеген. Негізгі талап – жұмыс уақытының белгіленген нормаларын сақтау.

    Қоса атқаратын жұмыс бойынша қанша сағат жұмыс істеуге болады?

    Кодекстің 68-бабының 3-тармағына сәйкес, негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмыс бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы күнделікті жұмыстың белгіленген нормасынан төрт сағаттан артық аспауға тиіс.

    Осылайша, стандартты сегіз сағаттық жұмыс күні кезінде жұмыскер қоса атқаратын жұмыс бойынша қосымша төрт сағаттан аспайтын уақыт жұмыс істей алады. Бұл жағдайда күнделікті жұмыстың жалпы ұзақтығы 12 сағаттан аспауға тиіс.

    Мысалы, егер азамат негізгі жұмыс орнында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, түскі асқа бір сағат үзіліспен жұмыс істесе, негізгі жұмыс күні аяқталғаннан кейін басқа ұйымда қосымша төрт сағатқа дейін жұмыс істеуге құқылы.

    Қандай шектеулер қарастырылған?

    Кодекстің 26-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді, сондай-ақ ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді қоса атқаратын жұмысқа орналастыруға жол берілмейді. Бұл шектеуден медицина қызметкерлері алып тасталады.

    Сонымен қатар, жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін заңнамада арнайы шектеулер көзделуі мүмкін.

    Қоса атқаратын жұмыс бойынша еңбек ететін жұмыскерлердің қандай құқықтары бар?

    Қоса атқаратын жұмыс бойынша еңбек қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген еңбек құқықтары мен кепілдіктерін пайдаланады.

    Атап айтқанда, олар еңбекақының уақтылы төленуіне, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына, қауіпсіз еңбек жағдайларына және заңнамада көзделген өзге де кепілдіктерге құқылы.

    Бұл ретте әрбір жұмыс орны бойынша еңбек қатынастары тиісті түрде ресімделуге тиіс.

    Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақталған жағдайда бірнеше ұйымда ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат етілетінін еске салады.

    Еңбек қатынастарын тиісті түрде ресімдеу жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді және еңбек заңнамасының сақталуына ықпал етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "«Қостанай облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті»" жаңалықтары