Қазақстан мен Азия даму банкі көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

    ·Жаңалықтар мұрағаты

    Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдарын жаңғырту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бағытында Азия даму банкімен (АДБ) әріптестікті нығайтып келеді.

    5 қараша күні Астанада Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Дамир Қожахметов пен Азия даму банкінің вице-президенті Инмин Янгтың кездесуі өтті.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АДБ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін талқылап, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

    Атап айтқанда, республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту, жол инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ перспективалы жобаларды іске асыруға инвестиция тарту және банктің қаржыландыру тетіктерін пайдалану мәселелеріне баса назар аударылды.

    Азия даму банкімен ынтымақтастық Қазақстанның көлік саласын жүйелі дамытуда маңызды рөл атқарады. Халықаралық қаржы институттарының қатысуы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге, оларды іске асыруға заманауи тәсілдерді енгізуге және көлік қызметтерінің сапасын арттыруға жол ашады.

    Елдің транзиттік әлеуеті артып келе жатқан кезеңде заманауи әрі сапалы жол инфрақұрылымын дамыту ерекше маңызға ие. Осы бағытта Қазақстан халықаралық көлік дәліздерін жетілдіру, автомобиль жолдарының өткізу қабілетін арттыру және өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға мүдделі екенін растады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары