Тұрғын үйлерде орналасқан пештер жарамды күйде және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы тиіс.
Пештердің және түтін мұржаларының кірпіш қалауындағы жарықтар мен саңылаулар арқылы от пен ұшқынның әсерінен өрт шығуы мүмкін екенін есте сақтау қажет. Осыған байланысты пештер мен түтін мұржаларын мезгіл-мезгіл мұқият тексеріп, анықталған ақауларды жою және қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Мұржалардағы күйе қалдықтарын тазалап, пештің барлық элементтерін әктеу керек. Әктеу жұмыстары жарықтар мен күйіп кеткен жерлерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Пешті пайдалану кезінде төмендегі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет:
* Пештің от жағатын аузының алдына кездейсоқ түсіп кеткен ұшқындардан еденнің жануын болдырмау үшін өлшемі 50х70 см, қалыңдығы кемінде 2 мм болатын болаттан жасалған металл төсем орнатылуы тиіс.
* Пешті бензинмен, керосинмен және басқа да тез тұтанатын сұйықтықтармен жағуға тыйым салынады. Себебі жанғыш сұйықтықтың бірден тұтануы жарылысқа немесе жалынның сыртқа атқылауына әкелуі мүмкін.
* От жағу алдындағы металл төсемнің үстіне отын, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды қоюға тыйым салынады.
* Пештің есігін ашық қалдырып от жағуға жол берілмейді.
* Пештен шығарылған күл мен шлакты міндетті түрде су құйып сөндіріп, арнайы белгіленген қауіпсіз орынға шығару қажет.
* Жанғыш материалдардан жасалған шатырлардың үстінен өтетін түтін мұржалары ұшқын сөндіргіштермен (металл торлармен) жабдықталуы тиіс.
* Түтін мұржаларын күйеден жылыту маусымы басталар алдында және жылыту маусымы кезінде кемінде екі айда бір рет тазалау қажет.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаңыз! Өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









