Астана қаласының полиция департаментінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шарада Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстады. Бірқатар полицейдің ерлігі, жанқиярлығы, кәсібилігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында патрульдік полиция полкінің қызметкері Нұрғиса Бектасов та бар. Ол Ғазиз Байтасов атындағы медальмен марапатталды.
Салтанатты рәсім барысында елордалық полиция қызметкерлерінің спорттық жетістіктеріне де ерекше назар аударылды. Олар түрлі деңгейдегі жарыстарда ведомствоның намысын абыроймен қорғап келеді.
Атап айтқанда, полиция департаменті бастығының көмекшісі Мұрат Исмағамбетов Түркияда өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогында үшінші орын иеленді.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Арай Мусина Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының кикбоксинг чемпионатында бірінші орынға ие болды.
Ал ЖҚАЖ аға инспекторы Дархан Жексембинов Қонаев қаласында өткен практикалық атыс бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатында “Semi-Auto Standard” сыныбында командалық есепте бірінші орын алды.
Сонымен қатар Павлодар қаласында өткен ҚР ІІМ қоян-қолтық ұрыстан чемпионатында да елордалық полиция қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды. Бұл жетістіктердің әрқайсысы – табанды дайындықтың, тәртіптің, қайсар мінез бен биік мақсатқа ұмтылыстың нәтижесі. Спорттағы жеңістердің артында күнделікті жаттығу мен қажырлы еңбек тұрса, қызметтік марапаттардың негізінде жауапкершілік, батылдық және таңдаған мамандығына адалдық жатыр.
Марапат иелерін құттықтаған полиция департаментінің басшылығы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін одан әрі арттыру, қызметтік дәстүрлерді нығайту және елордалық полицияның республикалық әрі халықаралық деңгейдегі беделін көтерудің маңыздылығын атап өтті. Қоғамға қызмет ету, азаматтарды қорғау және жоғары нәтижелерге қол жеткізу – елордалық полиция қызметкерлерін қызметтік міндетін атқару кезінде де, спорт алаңдарында да біріктіретін ортақ ұстаным.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







