Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасының (ҚХР БКБ) мамандары қытай нарығына бидай мен арпадан жасалған жемшөп қоспасын экспорттауды жоспарлап отырған отандық кәсіпорындарға инспекция жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасына іссапармен келді.
Сапар аясында қытайлық делегация Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасымен кездесті. Тараптар іс-шаралардың мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ экспортталатын өнімнің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, шетелдік мамандар Орталық карантиндік зертхананың материалдық-техникалық базасымен, жабдықтарымен және жүргізіліп жатқан зерттеулерімен танысу үшін зертханаға барды.
Инспекциялық іс-шаралардың негізгі бөлігі Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының аумағында өтті. Делегация онда ҚХР-ға жемдік ұн жеткізуге мүдделі кәсіпорындарда болды. Өндірістің технологиялық процестеріне, термиялық өңдеу режимдерінің сақталуына, зертханалық бақылаудың ұйымдастырылуына, сондай-ақ өндірістік және қоймалық объектілерде шикізат пен дайын өнімді сақтау шарттарына ерекше назар аударылды.
Бұл инспекцияны өткізу Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың маңызды кезеңі болып табылады. Іс-шаралар отандық өнімнің экспорттық әлеуетін кеңейтуге және фитосанитариялық қауіпсіздік саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









