Семей қаласында өткен кездесуде Жаңасемей ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімов ауданның 2025–2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады. Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында Жаңасемей ауданында 29,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл басынан бері 14 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында ауданның үш ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісіне жалпы сомасы 600 млн теңге қаржыландыру берілді.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Инвестициялық жобалар картасына Жаңасемей ауданының жалпы құны 46,6 млрд теңгені құрайтын бес жобасы енгізілген. Шақаман ауылында құны 7,7 млрд теңге болатын ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталды. Кәсіпорынды іске қосу ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланған. Нәтижесінде 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар құны 2,1 млрд теңге болатын 5 мың бас малға арналған бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде.
Халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Биыл Шаған кентінде су құбыры желілерін салу және сумен жабдықтау жұмыстары аяқталды. Ауданның жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Осы жылы Мұздыбай ауылына кіреберіс жолдың үш шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Келесі жылы Шүлбі кентінің бірнеше көшесін жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ «Семей – Қайнар» және «Семей – Шүлбі» әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын субсидиялауға қаражат бөлінді.
Білім беру саласында ауданның 14 мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқушыларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында қаржылық лизинг арқылы үш автобус сатып алу көзделген. Оның біреуі Приречное ауылындағы мектепке берілді. Қалған екі автобусты жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласында ауданның сегіз елді мекенінде жаңа медициналық нысандар салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобалар сараптаманың оң қорытындысын алды. Сондай-ақ Қайнар ауылындағы аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге қажетті құжаттама дайындалды.
Мәдениет және спорт салаларында да жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Алғабас ауылындағы кітапхана базасында «Жаңа клуб» қоғамдық орталығы құрылды.
Байланыс инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2026–2027 жылдары Жаңасемей ауданының 18 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланған. Биыл Гранитное, Каштак және Талица ауылдарында байланыс сапасын жақсарту үшін антенналық-діңгектік құрылыстарды салу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде.
Өңір басшысы аудан тұрғындарын толғандыратын мәселелерді, соның ішінде жолдарды жөндеу, ауызсумен қамтамасыз ету және елді мекендерді жарықтандыру мәселелерін кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, облыстың барлық аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуы біздің тұрақты бақылауымызда. Жаңадан құрылған Жаңасемей ауданының әлеуеті зор. Мен ауданға бірнеше рет барып, тыныс-тіршілігімен таныстым, әлеуметтік нысандарды араладым. Әрине, қордаланған мәселелердің барлығын қысқа мерзімде шешу мүмкін емес. Дегенмен халық үшін ең өзекті мәселелер әрдайым ерекше бақылауда. Жүйелі жұмыстың арқасында қалыптасқан мәселелер біртіндеп өз шешімін табуда», – деді Берік Уәли.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
#АбайОблысыныңӘкімдігі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







