Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді

    1 / 8

    Мемлекет басшысы Теміртау қаласында өңірдің даму барысымен танысып, бірқатар өнеркәсіптік нысандарды аралады және «Qarmet» АҚ еңбек ұжымымен кездесті.

    Сапар барысында Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және өңірді одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы ақпарат берілді.

    Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қарағанды өңірі экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын көрсетіп отыр. Ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары жалпы сомасы 4,2 трлн теңгенің өнімін өндірген. Болжам бойынша, биыл облыс экономикасының өсімі 4%-ды құрайды.

    Инвестиция тарту және өндірістік қуаттарды жаңарту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Президент «Qarmet» кәсіпорнындағы конвертер цехын жаңғырту, жаңа сортты прокат кешенін, сондай-ақ №8 және №9 кокс батареяларын салу жұмыстарымен танысты.

    Сонымен қатар Мемлекет басшысына агроөнеркәсіптік кешенді, тұрғын үй құрылысын және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыттары бойынша баяндалды. Соңғы үш жылда өңірде ауылдық жерлерде 92 денсаулық сақтау нысаны мен 13 мектеп салынды. Білім беру ұйымдарын реновациялау жұмыстары жалғасуда.

    Мемлекет басшысының жұмыс сапары Қарағанды облысының еліміздің жетекші индустриялық және инвестициялық орталықтарының бірі ретіндегі стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады. Өңірді одан әрі дамыту өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" жаңалықтары