Қазақстанда келесі жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының учаскелік қызметіндегі 77 мың қызметкерге үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты жыл сайынғы Жолдауында мәлімдеді.
«Біз медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін жаңғыртуға да ерекше назар аударып отырмыз. Осыған байланысты жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды. Үкіметке келесі жылғы 1 қаңтардан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын көбейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қосымша ақының мөлшері еңбек өтілінің ұзақтығына байланысты белгіленеді. Ол лауазымдық жалақының 50 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Қосымша ақының мынадай мөлшерлерін белгілеу ұсынылады:
* 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі үшін – лауазымдық жалақының 20%-ы;
* 3 жылдан астам еңбек өтілі үшін – 30%-ы;
* 5 жылдан астам еңбек өтілі үшін – 50%-ы.
Жаңа шара медициналық кадрларды, ең алдымен, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары мен ауылдық медициналық ұйымдарда тұрақтандыруға бағытталған.
«Мемлекет басшысының қолдауымен медициналық алғашқы көмек буынының кадрлық әлеуетін нығайту үшін алғаш рет осындай ауқымды қолдау шаралары қабылданып отыр. Біздің басымдығымыз – емханалар мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Бұл жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік қызмет мейіргерлерінің біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








