1 қазанда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов пен «Turar Healthcare» КЕАҚ Басқарма төрағасы Нұркен Әділханұлы Түркістан қаласында жұмыс сапарын жалғастырды.
Сапар аясында өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды нысандар араланды:
🔹 Ірі медициналық орталықтардың құрылысы
Делегация өкілдері Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан 570 төсектік облыстық көпсалалы аурухананың құрылыс алаңында болды. Сонымен қатар Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян атындағы 80 орындық жаңа перзентхананың құрылыс барысымен егжей-тегжейлі танысты. Құрылыс сапасы, нысандарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және пайдалануға беру мерзімдері талқыланды.
🔹 Перинаталдық орталық жұмысы
Вице-министр Түркістан қаласындағы №3 Облыстық перинаталдық орталығына (Нышанов көшесі, 18А) барды. Бөлімшелердің тыныс-тіршілігімен танысып, пациенттерге көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын тексерді және емдеуші дәрігерлермен пікір алысты.







