Астанада мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «STEM-олимпиада – мектеп оқушыларына арналған инженерлік-технологиялық жарыстың» қалалық кезеңі өтті. Дәстүрлі білім сайысы биыл оныншы рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтты.
Жарысқа қатысушылар инженерия, бағдарламалау, үш өлшемді модельдеу және робототехника бағыттары бойынша білімі мен практикалық дағдыларын сынады. Haileybury Astana мектебінде өткен олимпиадаға 8-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты.
«Бүгінде STEM формулалар жиынтығы ғана емес, бұл – ойлау тәсілі. Мәселені көре білу, сұрақ қою, болжамдарды тексеру және шешім табу дағдысы медицинадан бастап көлік саласы мен қалалық басқаруға дейінгі барлық бағытта қажет. Елорда үшін бұл ерекше маңызды.
Өйткені қаланың инновациялық экожүйесі ғылымға, робототехникаға және жаңа жобаларға қызығатын жас таланттардан басталады.
Олимпиада – маңызды кезең, бірақ соңғы меже емес. Біз оқушының олимпиада тапсырмасын орындаумен шектелмей, өз идеясын адамдарға және қаламызға пайда әкелетін нақты жобаға айналдырғанын қалаймыз», – деді «Astana Innovations» басқарма төрағасының орынбасары Дархан Айкенов.
Ал Haileybury Astana мектебінің директоры Джон Коулз STEM бағытының ел болашағы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
«STEM білімі сіздерге жетекші жоғары оқу орындарына түсуге және болашақта сұранысқа ие мамандықтарды игеруге жол ашады. Жасанды интеллект қарқынды дамып келе жатқан кезеңде ғылымға негізделген білім мен ізденімпаз ойлау ерекше маңызды. Ешқашан мойымаңыздар, алға ұмтылыңыздар.
Мүмкіндіктеріңіз зор», – деді Джон Коулз.
«STEM Academia» директоры Залқарбек Мұраталиұлы биылғы олимпиаданың ұйымдастырылып келе жатқанына он жыл толғанын жеткізді. Оның сөзінше, осы уақыт ішінде жарыс оқушылардың инженерлік-технологиялық қабілетін шыңдайтын дәстүрлі алаңға айналған.
«Бүгінгі олимпиада республикалық және халықаралық кезеңдерге бастайтын алғашқы баспалдақ. 14 қарашада республикалық кезең өтеді.
Онда қалалық кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар еліміздің өзге өңірлерінен келген қатысушылармен бірге бақ сынайды. Ал 21-22 қарашада халықаралық олимпиада ұйымдастырылады. Оған шамамен он елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Бұл Қазақстанда STEM бағытының қалай дамып жатқанын халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік», – деді Залқарбек Мұраталиұлы.
Айта кетейік, STEM білім беру жүйесі ғылым, технология, инженерия және математиканы өзара байланыстыра оқытуға негізделген. Мұндай тәсіл оқушылардың теориялық білімін тәжірибеде қолдануына, техникалық сауаттылығы мен шығармашылық қабілетін дамытуына ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








