«Астана Балет» театрында Сергей Прокофьевтің музыкасына Владимир Яковлев қойған «Ромео мен Джульетта» балеті сахналанды. Қойылымды Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен театрдың симфониялық оркестрі сүйемелдеді.
Ромео партиясын Сүндет Сұлтанов пен Уэсли Карвальо, Джульетта партиясын Назерке Аймұхаметова мен Кәмила Рахманберлиева орындады. Әртістер сахнада екі әулеттің бітіспес араздығына қарамастан, бір-біріне адал болған қос ғашықтың тағдырын бейнеледі.
2017 жылы алғаш сахналанған балетте оқиға қарқынды өрбиді. Сахна артық безендірілмей, негізінен кейіпкерлердің мінезі мен сезімін би арқылы жеткізуге басымдық берілді.
«Сахнадағы тартысты жекпе-жек қойылымды жандандырып, көрерменге ерекше әсер қалдырады. Владимир Яковлев Шекспир дәуірінің тынысын, сол кезеңге тән көркемдік ерекшілікті шебер жеткізген», – деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









