📌 Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов конституциялық «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелері бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – мемлекетіміздің Конституция деңгейінде бекітілген негізгі ұстанымдарының бірі. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, нағыз патриот – ең алдымен еңбекқор, білімді, заңды құрметтейтін, қоғамдық тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын және табиғатқа жанашырлықпен қарайтын адам.
Сондықтан біз осындай құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттап, дәріптеуіміз қажет. Заңдылық пен құқықтық тәртіп сақталмайынша, еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси және өзге де мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» қағидаты заңдылықты нығайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді. Ал Ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдардың құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Отырыс барысында қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың орындалу барысы және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.









