Жер сілкінісі - кенеттен болатын табиғи апат. Сондықтан алдын ала дайындық жасау, қауіпсіздік ережелерін білу және төтенше жағдайға қажетті заттарды әзірлеу адам өмірін сақтауға көмектеседі.
- Жер сілкінісіне дейін қалай дайындалу керек?
- отбасы мүшелерімен бірге қауіпсіз орындарды және эвакуация жолдарын алдын ала анықтаңыз;
- ауыр жиһаздарды, шкафтар мен сөрелерді қабырғаға берік бекітіңіз;
- құжаттарды, қолма-қол ақшаны және қажетті заттарды бір жерге жинаңыз;
- дәрі-дәрмек пен алғашқы медициналық көмек қобдишасын дайындаңыз;
- газды, электр қуатын және суды қалай өшіру керектігін біліңіз;
- отбасы мүшелерімен байланыс үзілген жағдайда кездесетін орынды белгілеңіз;
- дабыл сөмкесін әрдайым дайын ұстаңыз.
- Қатты жер сілкінісі кезінде не істеу керек?
Ғимарат ішінде болған жағдайда:
- үрейге бой алдырмаңыз, сабыр сақтаңыз;
- еңкейіп, берік үстелдің астына паналаңыз;
- басыңыз бен мойныңызды қолыңызбен немесе қолда бар затпен қорғаңыз;
- терезелерден, әйнектерден, ауыр жиһаздардан және құлап кетуі мүмкін заттардан аулақ болыңыз;
- дүмпу кезінде ғимараттан жүгіріп шығуға және лифтіні пайдалануға болмайды;
- егер қауіпсіз орынға паналау мүмкін болса, дүмпу тоқтағанша сол жерде қалыңыз;
- дүмпу аяқталғаннан кейін ғимараттан абайлап шығып, ашық әрі қауіпсіз жерге барыңыз.
Көшеде болған жағдайда:
- ғимараттардан, ағаштардан, бағандардан және электр желілерінен алыс ашық жерге барыңыз;
- ғимараттардың қабырғалары мен балкондардың астында тұрмаңыз;
- үзілген электр сымдарына жақындамаңыз және оларға қол тигізбеңіз;
- құлап жатқан заттардан сақтаныңыз;
- қайталама дүмпулер болуы мүмкін екенін ескеріңіз.
Көлікте болған жағдайда:
- көлікті қауіпсіз жерге тоқтатыңыз;
- көпірлерден, эстакадалардан, ғимараттардан және электр желілерінен алыс болыңыз;
- жағдай қауіпсіз болғанша көліктің ішінде қалып, ресми ақпаратты бақылаңыз.
- Жер сілкінісінен кейін не істеу керек?
- өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың жағдайын тексеріңіз;
- зардап шеккендерге мүмкіндігінше көмек көрсетіңіз;
- қажет болған жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз;
- газдың иісі сезілсе, электр қосқыштарын пайдаланбаңыз және ашық от жақпаңыз. Қауіпсіз жерге шығыңыз;
- зақымданған ғимараттарға кірмеңіз;
- қайталама дүмпулерге дайын болыңыз;
- құтқару қызметтерінің нұсқауларын орындап, тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніңіз.
- Дабыл сөмкесіне не салу керек?
Төтенше жағдай кезінде қажетті заттар қолжетімді болуы үшін дабыл сөмкесін алдын ала дайындаңыз.
Дабыл сөмкесінде болуы тиіс:
- құжаттар: жеке куәлік, паспорт, маңызды құжаттардың көшірмелері және қолма-қол ақша;
- су және азық-түлік: әр адамға кемінде үш күнге жететін ауызсу мен ұзақ сақталатын тағам;
- дәрі-дәрмек: алғашқы медициналық көмек қобдишасы және тұрақты қабылдайтын дәрілер;
- байланыс құралдары: ұялы телефон, қуаттағыш, қуат банкі және батареялы шам;
- киім-кешек: маусымға сай жылы киім, шұлық, қолғап және жаңбырдан қорғайтын киім;
- гигиена құралдары: сабын, антисептик, дымқыл майлық және жеке гигиена заттары;
- қосымша заттар: ысқырық, қолғап, шағын сүлгі және қоқыс пакеттері;
- балалар мен қарттарға арналған заттар: жеке қажеттіліктеріне сәйкес дәрілер, тағам және басқа да қажетті құралдар.
- Маңызды ескерту
Жер сілкінісінің нақты қашан болатынын алдын ала дәл болжау мүмкін емес. Сондықтан жалған ақпарат пен қауесеттерді таратпаңыз. Төтенше жағдай кезінде тек ресми органдардың хабарламаларына сүйеніңіз.
Есте сақтаңыз: сабыр сақтау, қауіпсіздік ережелерін білу және алдын ала дайындалу - өміріңізді сақтаудың маңызды қадамдары!
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз. Қауіпсіздік - әр адамның жауапкершілігі.






