⚜️ҚҰТЫРМА – ҚАУІПТІ АУРУ

    Құтырма – адам мен жануарлардың орталық жүйке жүйесін зақымдайтын өткір вирустық ауру.

    Табиғатта құтырма вирусының сақталуы мен таралуын қамтамасыз ететін негізгі резервуары – жабайыжануарлар. Олар: түлкілер, қасқырлар, шибөрілер, жарқанаттар, күзендер, сусарлар және басқа да жыртқыш жануарлар. Үй жануарларының ішінен құтырма ауруын көбінесе иттер, мысықтар және ауыл шаруашылығы жануарлары жұқтырады.

    Жануарлардың кез келген әдеттен тыс мінез-құлқын (себепсіз адамдарға немесе басқа үй жануарларына шабуыл жасауы, жабайы аңдардың елді мекендерде, әсіресе күндізгі уақытта пайда болуы), олардың құтырма ауруымен ауру ықтималдығы ретінде бағалау керек.

    Құтырма вирусы сілекей бездерінде жиналады. Ауру жануарлар вирусты инкубациялық кезеңнің соңғы 7-10 күнінде және өлгенге дейін сілекеймен бірге бөледі. Адамдардың жұқтыруы ауру жануар тістегенде немесе сілекейі зақымдалған теріге немесе шырышты қабыққа түскенде орын алады. Ағзаға түскеннен кейін вирус жүйке талшықтары арқылы бас миына жылжиды, онда жасушаларда көбейіп, оларды толығымен бұзады.

    Құтырманың инкубациялық кезеңі, яғни тістеген (немесе сілекей тиген) сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт, 7 күннен бір жылға дейін немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін.

    Ауру ауыр белгілермен көрінеді: кенеттен қозу және естің тұмандануы, жұту мен тыныс алудың бұзылуы, қинайтын ауырсынулы құрысулар және сал болу.

    Құтырманың алдын алуға болады, бірақ белгілері пайда болған кезеңде ауырып қалған адамды емдеу мүмкін емес. Құтқарудың бірден-бір шарасы – вирус ағзада дамып үлгергенге дейін иммунитет қалыптастыратын уақтылы профилактикалық екпелер жасау.

    Қандай да бір жануар тістеген немесе тырнаған адам дереу травматологиялық пункттің дәрігеріне жүгінуі тиіс. Егер екпелер уақтылы және дұрыс жүргізілсе, ауру пайда болмайды.

    Жануарлардың құтырма ауруын жұқтыруының алдын алу үшін иелері үй жануарларын ұстау ережелерін қатаң сақтауға міндетті. Иттер мен мысықтарды сатып алғаннан кейін оларға құтырмаға қарсы екпе ектіру керек. Ит иелері оларды байлауда, қоршауда немесе үй-жайда ұстаған жөн. Оларды серуенге тек қарғыбаумен және тұмсыққаппен шығару, қараусыз және қаңғыбас иттермен жақындасуына жол бермеу қажет.

    Үй жануарының мінез-құлқы немесе сипаты өзгерген жағдайда, одан аулак жүруге тырысып, тез арада ветеринар дәрігерді шақыру керек.

    Есіңізді болсын ! Құтырма – өте қауіпті, өлімге әкелетін ауру, сондықтан немқұрайлылық танытуға болмайды. Сіздің денсаулығыңыз – өз қолыңызда !

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары