АСТАНАДА ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ КРЕАТИВТІ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

    1 / 4

    24-25 қазан күндері елордадағы Qazaq Creative Hub орталығында Креативті индустрияларды дамыту қорының Creative Aimaq жобасы аясында Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі іс-шарасы өтті. Екі күнге созылған іс-шараға қолөнершілер, дизайнерлер, өнер өкілдері мен инновациялық жобаларды әзірлеушілер қатысты.

    Жәрмеңкенің салтанатты ашылуында оңтүстік өңірдің ұлттық өнерін дәріптеген «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетті. Алғашқы күннің басты оқиғаларының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры сахналаған «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы. Спектакль Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналды.

    Жәрмеңкеде шымкенттік шеберлердің ұлттық киімдері, авторлық әшекейлері, кілемдері, киізден, қыштан, былғарыдан және ағаштан жасалған бұйымдары ұсынылды. Келушілер қолөнершілермен танысып, ұнаған өнімдерін сатып алуға және олардың жасалу ерекшеліктерін білуге мүмкіндік алды.

    Шымкенттің технологиялық жобалары да көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында алақан тамырлары арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін Alaqan, қолжазбаны жасанды интеллект көмегімен танып, өңдейтін Qalam AI ақылды қаламы және мал шаруашылығына арналған QazTracker цифрлық жүйесі бар. Сондай-ақ, «САҚ» киностудиясы шығармашылық жұмыстарын таныстырды.

    25 қазан - Республика күні Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі жалғасты. Екінші күннің бағдарламасында қазақ анимациясы, театр өнері, музыка мен дәстүрлі қолөнерге ерекше көңіл бөлінді. Көрермендерге «САҚ» киностудиясының «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» мультсериалдары мен «Ахмет» анимациялық фильмі көрсетілді.

    Жұмат Шанин атындағы театрдың «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы қайта сахналанып, «Қаратау» ансамблі концерттік бағдарламасын ұсынды.

    Сонымен қатар, ұлттық әшекей бұйымдарын жасау, киіз басу және құрақ құрау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Келушілер де дәстүрлі қолөнер тәсілдерімен танысып, бұйым жасауға қатысты.

    Creative Aimaq жобасының мақсаты – өңірлік брендтерді таныту, креативті кәсіпкерлерді қолдау және олардың өнімдерін өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашу. Жәрмеңке шымкенттік шеберлер мен дизайнерлерге елорда тұрғындарына бұйымдарын ұсынып, жаңа сатып алушылар табуға жол ашты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының әкімдігі" жаңалықтары